Жетісай ауданы Асықата өңірінің табиғаты да өзгешелеу екені белгілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсересе мақта, тіл үйірер қауын-қарбыз өсіруге қолайлы құмдауыт топырақты өлкенің батыс тұсы әйгілі Шардара теңізімен шектеседі. Онан әрмен қарай қойнауы құтқа толы қызылдың құмы. Болашақ суретші осы өңірде 1960 жылдың 25-сәуірінде дүниеге келді.

– Бақыт ес білгелі өзге ауыл балаларынан ерекшеленіп, тұратын, – деп еске алады, оның анасы Жаңыл жеңешем. – Арайлап атқан таң, қызарып батқан күн, құс екеш құстың ұшқаны, тіпті илеуіне қарай тізбектеліп бара жатқан құмырсқалардың қимыл-қозғалыстарына дейін тапжылмай қызықтап тамашалаудан жалықпайтын.

Бірде мынадай да қызық болады.

– Бақытжан-ау, – дейді анасы, – ауыл шетіндегі жоңышқалықта арқандаулы тұрған сиырларды әкеле салшы, ертерек сауып алып кешкі астың қамына кірісейік.

– Мақұл апа, – деген ол көп ұзамай-ақ жоңышқалыққа келіп сиырларды үйіне қарай бағыттайды. Ауылға дейін олардың соңынан келе жатқан Бақытты жол жиегіндегі беткі қабаты теп-тегіс борпылдақ майлы топырақ қызықтыра түседі. Қолындағы таяғымен оған алғашқы өрнекті салғаны сол еді, барлығын ұмытты. Сонан қиял әлеміне сүңгиді де суреттерді бірінен соң бірін сала береді, сала береді… Өзін бейнебір әлемдегі ең атақты суретшілердей сезінді ме, кім білсін?. Қанша уақыт өткенін білмеді, тек күн ұясына батар шақта ғана жан-жағына алақтап қарап сиырларын іздей бастайды. Ол жануарлар бұған қарап тұрсын ба, әлдеқашан үйдегі қораға байланып Жаңыл жеңгей берген жемді құшарлана жеп жатқан-ды.

Аулаға ентігіп кіріп:

– Апа, сиырлар келді ме? – болды оның алғашқы сұрағы.

– Иә, әлдеқашан келген. Өзің қайда болдың?

– Суреттер салдым, апа!

– Суреттер, ол неғылған суреттер? Мен сені бұзаулы сиырды әкелуге жұмсамап па ем!

– Солайына солай ғой. Бірақ жол жиегіндегі майлы топырақ бейнебір ұшы-қиыры жоқ дәптердің беті секілді теп-тегіс екен. Соған қызығып кетіп ою-өрнектерді, саналуан құстардың суреттерін сала беріппін.

– Ойпырмай, болашақта суретші боламын десеңші. Әкең сені «Менің балам үлкейгенде мықты заңгер болады» деп осы бастан-ақ мақтанып жүр ғой…

Уақыт шіркінде тоқтам бар ма? Зуылдап күндер, айлар, жылдар өте берді. Бақыттың жасы алтыға толып «Қызыл әскер» ауылындағы С.М.Киров атындағы сегіз жылдық мектептің табалдырығынан аттады.

– Сабақтардың барлығын жақсы оқыдым. Әсіресе сурет сабағы басталатын күндерді асыға күтетінмін, – деп еске алады сонау балалық балғын сәттерін Б.Срайлов. – Бірде апам базардан бір қорап түрлі-түсті қарандаштар алып келді. Сондағы қуанғаным-ай! Олардың ұшын ұштап отырып қайта-қайта иіскегенім күні бүгінгідей жадымда.

Бастауыш сыныптарда оқып жүріп-ақ «Суретші бала» атанған Бақыттың өнерге бейімділігін байқаған ұстаздары оны аудан көлемінде ұйымдастырылатын «Зарница», «Орленок» деп аталған байқауларға да жыл сайын қатыстырып талабын шыңдай түсті.

Балғын Бақыттың өнерге, әсіресе сурет салуға ерекше құмарлығын, оның шын мәнінде суретшіліктің тылсым сырларын үйренуге ден қойған талантын алғашқы болып байқаған да ұстазы Арал Сүлеев еді. Сол ұстазының ақыл-кеңесімен сегізжылдықты ойдағыдай тәмәмдаған дарынды бала әкесі Бекмырза екеуі Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне құжаттарын тапсыруға берік байлам жасайды. Бақыттың салған суреттері арнайы комиссия мүшелері тарапынан жоғары бағаланып, өзге пән емтихандарынан да сүрінбей өтеді. Ол студент! Бұған ата-анасы, әсіресе Гүлсім әжесінің ерекше қуанғаны әлі есінде.

Оқу орнының қабырғасында оларға Батыр Өтепов, Нұрлан Шилібаев, Қуаныш Маликов, Амангелді Тұрсынов сияқты тәжірибелі ұстаздары дәріс берді. Бірде сабақ үстінде ұстазы Марат Қалқабаев Бақыттың салған суреттерін ерекше бір қуанышпен қолына алады да:

– Мына суреттерді көріңдер! Мұны Бақыт Сраилов салған. Қандай әдемі ә? Сызықты суреттерді осылай салу керек, үйренгендерің жөн, – дейді.

Өте талапшыл, тіпті кейде тым қатал да көрінетін Мұрат ағайының көптің алдында бұлайша бөле-жара мақтағанына алғашында сәл қысылғаны да бар. Кейін келе оның санқырлы жанрларда салған суреттері өзгелерге үлгі ретінде оқу орнындағы көрнекі тақтаға жиі ілінетінде болды.

Осылайша жылдан-жылға тәжірибесімен білімі толықсыған Бақыт Бекмырзаұлы өнер деген киелі өлкеге нық сеніммен қадам басты. Дегенмен әлі алда білім мен ізденуге, шығармашылыққа толы өмірдің сан тарау жолдары жатты. Суретші мамандығының да түрлі бағыты, жанрлары болатынын бұл саладан хабары барлар жақсы біледі. Бақыт та училищені ойдағыдай аяқтаған соң мамандығы бойынша еңбек етті. Живописпен айналысып, портрет салуды да қолға алды. Бірақ оның ішкі сезім иірімдеріне, табиғатына тылсым бір дүние жетпейтіндей күй кешетін. Мұны ол өзі туған өлкедегі Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының қойылымдарын

тамашалап әріптес ағаларының жұмыстарымен танысқанда тапқандай да болды. «Мен де болашақта театрда еңбек етіп, көрермендердің ілтипатына бөленсем» деген сыңайдағы тәтті ойлар бірте-бірте жас суретшінің армандарына қанат бітіре бастады. Мұның үшін іздену өз алдына, оқу керектігін саналы жас іштей пайымдады. Сөйтіп 1979 жылы Алматыдағы мемлекеттік театр көркемсурет институтының табалдырығын аттап студент болды.

Есімі Қазақстан мен күллі одаққа белгілі атақты суретшілермен де кездесіп сұқбаттасты, пікір алысты. Институттың мақтаныштары белгілі ұстаздары – Есенгелді Тұяқов, Дүйсен Сүлеев, Вагиф Рахманов, Амангелді Аяпбергенов, тағы басқаларынан сабақ алып дүниетанымын кеңейтті. Сурет өнерінің тылсым иірімдеріне терең бойлады. Ал, театр факультетінде дәріс беретін біртума таланттар, ұлтымыздың мақтаныштары – Асқар Тоқпанов пен Асанәлі Әшімовты, Ыдырыс Ноғайбаев пен Шолпан Жандарбекованы, сондай-ақ Рабиға Қаныбекова, Байсеркенов, Хадиша Бөкеева сияқты жұлдызы жарқыраған өнер майталмандарын да күнде көретін. Қазақ ән, эстрада өнерінің қайталанбас талант иелері – Роза Рымбаева, Майра Илясовалармен қатар оқыды.

Әрине, мұндай жұлдызды орта, институт қабырғасында алған дәйекті білімі Мырзашөлдік жас талантқа да оң әсер етті. Оны өнердің биік шыңдарына талпындырып, асқақ армандарға жетеледі. Ол театрдың, жалпы өнер атаулының адамзаттың жан-жақты гармониялық тұрғыдан дамуында айрықша маңызды боларына айқын көз жеткізді. Осылайша жас студент, болашақ елімізге белгілі суретші – сценограф алдына тың мақсаттар қойып, соларға бірте-бірте жету үшін уақытпен санаспай еңбектенді. Төрт жылды қамтыған студенттік алтын дәуір де зуылдап өте шықты. Соңғы 1983 жылы ұстаздары «Дипломдық жұмыстарыңды қорғайсыңдар» деп нақты талап пен тапсырмалар берді. Бақыт туған жеріндегі Жетісай драма театрына келді. Сол тұста А.Оңалбаев театрдың бас режиссері, талантты да талапшыл маман Т.Әшімов режиссері еді. Тұрғанбек ағасы Бақытты жақсы таниды. Мұның үстіне жас сценографтың ой-өрісі мен шеберлігіне де қанық. Ол көп ойланбай-ақ: – Жоспарымыз бойынша белгілі драматург Б.Васильевтің «Тамылжыған таң» («А Зори здесь тихие…») драмасын сахналамақпыз. Бақыт, сен соның сценографиясын дипломдық жұмыс ретінде алсаң қалай болады? Мұны театрдың директоры да мақұлдап отыр, – деді.

Бақыт біраз ойланып тұрды да:

– Әуелі шығарманы тағы бір рет оқып шығайын. Бұл үлкен жауапкершілік әрі маған деген сенім ғой, – деді ол сәл ғана жымиып.

– Жас келсе іске деген. Сенің қарым-қабілетіңді білген соң ғана осындай байламға келдік. Бәріміз ақылдасып көмектесеміз ғой, – деген бас режиссер

«осымен гәп біттіге» санап манадан бері ой үстінде тұрған Бақыттың қолын қысты. Тұрғанбек ағасының мұнысы «Іске сәт!» дегені екенін де жас маман іштей пайымдады.

Сол күннен бастап-ақ драмалық шығарманың мағынасы мен айтар ойын зерделеуге кірісті, ішкі иірімдеріне тереңдей ене түсті. Қойылымдағы образдардың жандүниесі мен психологиясына да ерекше зейін салды. Өйткені сахналық қойылымның сәтті шығып, көрермендердің көңілінен шығу суретші-сценографтың шеберлігіне де байланысты боларын жас дарын иесі жақсы білді.

Аллаға шүкір, «Тамылжыған таңның» премьерасы театр ұжымы ойлағаннан да сәтті шықты. Қойылым аяқталғанда көрермендер тік тұрып әртістерге, бас режиссер мен қоюшы-суретшіге де қошемет көрсеткенде Бақыт Бекмырзаұлының да төбесі көкке жеткендей әсерге бөленді. Ол сол кезде небәрі 23 жаста еді.

Шымкеттегі училище мен Алматы театр және көркемсурет институтындағы естен кетпес жастыққа толы мазмұнды жылдар да артта қалды. Өз саласы бойынша білімі мен тәжірибесі де толысқан жас маман алғашқы еңбек жолын өзіне өте жақын – Жетісай драма театрында бастамаққа ниеттенді. Жас суретші-сценографты театрдың шығармашылық ұжымы жылы шыраймен қарсы алды.

Бүгінгінің жастарының көңіліне келмесін, бірақ сонау кеңес дәуірінде туылып ержеткен, қалыптасқан азаматтардың туған елге, жерге деген сүйіспеншілігі мен патриотизмі әлдеқайда жоғары болатын. Сондықтан да болар үлкен шаһарларда білім алған жастар сол жақта қолып қоймай көбіне туған жеріне оралып оның көркеюіне атсалысатын. Біздің Бақыт та сөйтті. Болмаса оған да Алматыдағы талай театрлардан ұсыныс та түскен болатын. Ол туған өлкесіндегі Жетісай театрын таңдады. Арадан көп өтпей-ақ аталған өнер ұжымына қоюшы-суретші болып жұмысқа қабылданған жас маман өз кәсібінің қыр-сырларын терең меңгеруді басты мақсаты етіп қойды. Бұл уақыт өте өз жемісін берді де. Оның кейін келе қоюшы-суретші, ал 1990 жылдан аталған театрдың бас суретшісі болып еңбек жолын жалғастыруы да жоғарыдағы пікірлерімізді дәлелдей түседі.

Бақыт Бекмырзаұлы 2008 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқытушы болып барғанға дейін Жетісай драма театрының шығармашылық тұрғыдан кемелденуі жолында тер төкті. Осы аралықта ол жалпы саны 70- тен астам әлемдік деңгейдегі шетел және қазақ драматургтерінің, сондай-ақ балаларға арналған қойылымдардың да сахналық сценографияларын жасады. Бұлардың арасында Р.Ғамзатовтың «Тау қызы», С.Камаловтың «Ер Тарғын», С.Адамбековтың «Алтын табақтағы жылан», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық

болғанбыз», А.Островскийдің «Жазықсыздан жазықты», М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні», И.Сапарбаевтың «Шәмші сағынышы», Ғ.Мүсіреповтың «Әнші Майра», Ш.Құсайыновтың «Әбу Нәсір Әл-Фараби», А.Оразбаевтың «Бір түп алма ағашы», І.Есенберлиннің «Ғашықтар» сияқты тағы басқа да саналуан жанрлардағы қалың көрерменге ой салатын көптеген қойылымдар бар екенін де айта кеткеніміз абзал.

1997 жылы Жетісай драма театры классик жазушымыз М.Әуезовтың 100 жылдығына орай Алматы да өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қорғансыздың күні» драмасымен қатысты. Мұның қоюшы-режиссері Т.Қыстаубаев та, қоюшы-суретшісі Б.Сраилов болды. Сол кезеңде атағы дүркіреп тұрған талай театр ұжымдары мен театр сыншыларын таңдандырған жерлес әртістеріміздің өнеріне талғамы биік Алматылық көрермендер де дүркірете қол соққаны әлі естен кетпейді. Мүйіздері қарағайдай әділқазылардың өзі әртістеріміздің шеберліктері өз алдына, сахнаның ерекше үйлесіммен безендірілгеніне де жоғары бағаларын берген-ді. Сол фестивальдан Бақыт ініміз мерейі тасып лауреат атанып оралды. Сондай-ақ ол бірнеше Халықаралық, Республикалық деңгейдегі көркемсурет көрмелеріне де төл туындыларымен қатысып абырой биігінен көрінді. Осылардың барлығы Мырзашөлдік дарынды суретішінің атақ-даңқын аспандатып оның Алматыға жұмысқа шақырылуына негіз қалады. Яғни, 2009 жылы кезінде өзі білім нәрімен сусындаған Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқытушы болып еңбек жолын жалғастырды. Болашақ театр суретшілеріне дәріс бере жүріп Бақыт Бекмырзаұлының өзі де шығармашылық тұрғыдан үнемі ізденісте болды. Алматы өнер мен мәдениеттің де орталығы екені баршаға белгілі. Осындағы елімізге әйгілі қылқалам шеберлерімен болған сұқбат-кездесулер, атақты театр режиссерларымен дидарласып, тәжірибе бөлісу оның кәсіби көкжиегін кеңейтті, алдағы үлкен жоспарларына бастау бола білді.

Ал, 2009-2012 жылдар аралығында Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлкеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрында бас суретші болып жемісті еңбек етті. Ол театрдың директоры және көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі, есімі шетелдерге де белгілі дарынды театр режиссері Талғат Теменовпен шығармашылық һәм сыйластықта жұмыс істеді. Абыройдан кенде болған жоқ. Мұнымызды театрдың сахнасында қойылған Ш.Айтматовтың «Әселім арманым», «Қызыл орамалды Шынарым», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», М.Әуезовтың «Айқаракөз», тағы басқа да белгілі қойылымдардың сценографияларын сәтті шығарып көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені дәлелдей түседі. Аталған спектакльдер көптеген шетел сахналарында да қойылып

республикалық, халықаралық фестивальдардан жүлде де алды, лауреат атанды.

Туған жер, туған театр демекші, Бақыт Бекмырзаұлын осы бір сиқырлы күш тартатында тұратын. Осы тылсым күш оны тағы да туған өлкесіне жетеледі. Бақыт Сраилов 2012 жылдан бері өзіне ерекше ыстық сезілетін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры. Осы уақыт аралығында театрдың киелі сахнасында жалпы саны 50-ге жуық әр алуан жанрлардағы қойылымдар сахналанды. Ол бірнеше Халықаралық көркемсурет көрмелері мен театр байқауларының лауреаты, дипломанты да болды. Алматыдағы жастар театрындағы жетістіктері өз алдына, Б.Сраилов Жетісай драма театрына басшы болған уақыт аралығында шығармашылық ұжым «Театр көктемі 2013» театрлардың облыстық фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді. 2014 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының «Жыл театр суретшісі» номинациясы бойынша «Еңлікгүл» Кәсіби театр өнері сыйлығының лауреаты болып танылды. 2015 жылы Атырауда өткен Р.Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде Жетісай драма театры да жүлделі орынды алды. Ал «Двойник» қойылымының қоюшы-суретшісі ретінде Б.Сраилов лауреат атанды. Ал, 2018 жылы Республикалық театр ассоциациясы тарапынан белгіленген мәртебелі ұлттық «Сахнагер – 2018» сыйлығы мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері болды. Жалпы Б.Сраиловтың атақтары мен алған марапаттары бір басына жетерлік.

2019 жылы театр ұжымы өзінің 50 жылдық мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Театр тарихын айшықтайтын кітап шығарылып, деректі фильм де жасалды. Театрдың кіреберіс көрнекі жерінде Жетісай театрының негізін қалаған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ театр өнері тарихында есімі алтын әріптермен жазылған режиссер Қ.Жандарбековтың бюсті де ашылды. Әрине, мұндай маңызды да қарбалас игі жұмыстардың ұйытқысы бола білген де Бақыт ініміз екені тағы рас. Ол дарынды суретші, отбасында бақытты әке. Жұбайы Құралай екеуінен алла берген Гауһар, Ырысжан, Бауыржан есімді қыз бен ұлдары бар. Бір-бірінен тәтті немерелері де оған ерекше қуаныш сыйлайды.

Ең бастысы оның өз мамандығына, өнер мен театрға деген сүйіспеншілігі дер едік. Заман, уақыт ағымынан артта қалмай, Мырзашөлдік көрермендерді рухани тұрғыдан сусындату үшін де еңбек етіп келе жатқан ол ұжымымен шығармашылық ізденіс үстінде.

Әбдәлім Тілеубеков,

Сәбит Қалдыбаев,

ҚР Журналистер одағының мүшелері

Источник: qazaquni.kz