Бүгін Күзеубаевтар отбасында үлкен той. Қуаныштары қойындарына сыяр емес. Өйткені, қолдарына талай жыл арман болған баспананың кілті тиді. Альмираның бір апта бұрын жалдап келген пәтері отқа оранып, шиеттей бала-шағасымен далада қалған еді.  Бұл жағдайды естіген атқамінерлер жомарттық танытып, аз уақыттың ішінде пәтер сыйлады.

Асхат Шілікбаев, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

- Бізге әкімдіктегілер хабар беріп, көмектесуімізді сұрады. Болған жағдайды ести сала, шұғыл түрде үй алып беруге шешім қабылдадық. Ең алдымен құжаттарын рәсімдеп, ішіне керекті дүниелерді алдық. Сондай-ақ, отбасы мүшелері қалада еш жерде тіркеуде тұрмағандықтан, жақын күндері бұл мәселені де шешіп береміз.

Көпбалалы отбасыға көмек қолын созғандар қалалық мәслихаттың депутаттары. "Сый қылсаң, сыпыра қыл". Жаңа үйдің табалдырығын аттағандарға атқамінерлер азық-түлігін де тасып берді. Кенеттен қуанышқа бөленген Альмира Күзеубаеваның мейірімділік танытқан барша жандарға айтар алғысы шексіз. 

Альмира Күзеубаева:

- Ең алдымен КТК арнасына көп рахмет. Қазіргі заманда мейірімді жандар көп екенін байқадым. Осылай бәрін қолыма алғанға дейін маған көмек болады деп сенген жоқ едім. Енді сеніп отырмын. Көмектескен барлық азаматтарға көп-көп рахмет айтамын.

Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын Альмира Күзеубаеваның пәтері өртеніп, жиған тергені бір-ақ сәтте күлге айналған еді. Барар жер, басар тауы қалмаған отбасы, далада күнелткендерін айтып біздің арна арқылы елден көмек сұраған болатын. Нәтижесінде мәслихат депутаттары пәтер сыйлады. Оған қоса, балаларын жақын маңдағы мектепке орналастырып, жолдасына жұмыс тауып беруге уәде берді.

Источник: ktk.kz