Қарабастың шетіндегі  мына екі қабатты үй 1956 жылы салынған. Баспанада 11 отбасы тұрады. Жырақта орналасқасын мұндағылар мал ұстап, қора қопсыларына дейін салып алған. Мамыражай тірліктің сиқы былтырдан бері бұзылған. Сөйтсе, үй тұрған орын ат шаптырым жерде орналасқан әскери базаға қажет болыпты. Сондықтан, тұрғындарға баспананы босатыңдар деген хаттар келген.

Наталья Северьянова,  Қарабас елді мекенінің тұрғыны:  

- Егер бір айдың ішінде сотқа жүгінбесек, өтемақы төлеп үйден мәжбүрлеп шығарамыз деп отыр. Біз 4 жылдан бері үйге өз күшімізбен су тартып, жарық жүйесін ретке келтірдік. Енді соның барлығы бекер боп отыр.  

Тұрғындарға баспаналары үшін өтемақы беріледі. Алайда, ол қаражатқа Қарабастан қазіргі нарықтың бағасымен пәтер алу мүмкін емес екен.

Қорлан Сейіткамалова, Қарабас елді мекенінің тұрғыны:  

- Маған беріп жатқаны – 1 миллион 585 мың теңге. Содан шығын деп 58 мың ұстап қалады екен. Сонда біз қайда барып күн көреміз? 1 жарым  миллонға үйді қайдан аламыз? Барып көрдік, 2 жарым миллион дейді, 3 миллион сұрайды. Ал берген ақшалары анау. Әкім түк істей алмайды. Абайға да барып келдік. Ешкім ештеңе істемейді. Сонда біз далада қаламыз ба?

Бөлінетін өтемақы саманнан соғылған ескі үйден пәтер алуға жетеді. Бірақ суы мен кәріз жүйесі жоқ баспанаға тұрақтаңдар деген шенеуніктердің мазағына тұрғындар төзбек емес. Хан сарайындай болмаса да, жайлы пәтерде өмір сүргендер енді өлместің күнін кешуге көнбейміз дейді. Ал, шенеуніктер тәуелсіз сарапшылар есептеп берген сомадан бір тиын да артық бере алмаймыз деп отыр.

Әлібек Әліпбеков, Қарабас елді мекенінің әкімі:   

- Тұрғындарға хабарлама таратылып, ол заңды талап ретінде құзыретті органда тіркелген болатын. Жоғарыда көрсетілген мүліктерді мемлекеттің мұқтаждығына алынған жағдайда оған  төленетін өтемақы көлемі анықталып, шарт тұрғындарға жіберілді.

Атқамінерлер базынасын айтып дауласқандар көнсін-көнбесін, бекітілген қаржыға 11 баспананы өздері сатып алып ұсынбақ. Ал, ол пәтерлердің қандай күйде болатынына бастарын да ауыртқысы келмейді. Бастысы,бөлінген ақша игеріліп, тұрғындарға үй берілсе болғаны.

Осылайша, жергілікті биліктегілер тұрғындарға екі шарт қойып отыр. Не берген ақшаны аласың, болмаса біз көрсеткен жерді барып паналайсың. Сот та солардың сөзін сөйлейтініне өздері бек сенімді. Дегенмен тұрғындар да баспана алуға жететін қаражат бөлуді талап етіп, өздері де сотқа қарсы арыз түсірмек.

Источник: ktk.kz