Алматылықтарды таңдағы тәтті ұйқысынан оятқан осы дауыс. Тасқын қаупі туралы хабарлаған құтқарушылар тұрғындардан құжаттары мен бала-шағасын алып, Қарғалы өзенінен алысырақ қауіпсіз жерге кетуін сұранған. Тіпті, департамент бастығының өзі дамбының басында тұрып, дабыл қаққан. 

- Мен Алматы қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Әубәкіровпін. Қазір сағат – 6:37. 18 минут бұрын маған 2015 жылғы селге себепкер болған нөмірі 1-ші көлдің бөгеті бұзылды деген хабар жетті.

Белгілі болғандай, күннің қатты ысуынан, таудағы мұздықтар еріп, көлдердің бірі арнасынан асқан. Артық су Қарғалы өзеніне лап қойған. Содан сел жүру қаупі туындаған. Тасқынның қалайда алдын-алуға жанын салған жұмысшылар таң атпастан жағаны қазбалаған. Топан судан қауіптенгендер тіпті өзен маңайындағы көшелерді жаптырып тастады. Десе де, құтқарушылардан басқа, дүрліккен ешкім болмады. Жұрт селден қорықпай, судың жағасында жайбарақат серуендеп жүр.       

Гүлнар Рыскелді:

- Таң ата төтенше жағдай болып жатыр, шығыңыздар деп бәріне айтты. Бірақ шыққан жоқпыз. Анамыз жоғарыға көтерілді. Ал біз осы жерде қалдық. Қауіп жоқ деп айтуға болады.

Сел қаупі қала әкімі Сағынтаевты да онша селк еткізбеген сыңайлы. Әріптестерінің тасқын туралы дабылына қарамастан, шаһар басшысы оқиға орнына туфли киіп келді. Ал үстінен плащын тастамаған төтеншеліктер көп ұзамай қауіптің сейілгенін хабарлады.  

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

- Қарғалы өзенінде су лайланды. Бірақ ешқандай қауіп жоқ. Сіздер білесіздер, 2015 жылғы селге Қарғалыдан төмен қарай өзен жиегінің дұрыс бекітілмегені себеп болған еді. Қазір ондай жұмыс толығымен жүргізілген. 

Естеріңізге салсақ, Қарғалы осыдан төрт жыл бұрын халықты қан қақсатқан. Бірақ, онда құтқарушылар дер кезінде араша түсе алмады.    Балшық пен тас араласқан сел жүріп, жүздеген отбасы түн ортасында үйлерін тастай қашқан. Соған қарағанда, тасқынмен күресуге арнайы қызмет енді дайын болса керек.

Источник: ktk.kz