Оқиға 24-маусым күні таңертең сағат 9-дан өте, әскери бөлімнің №1-ші техникалық территориясынан басталған. Өрт қауіпсіздігін бақылаушы сақшы №120-шы сақтау қоймасында өрт тұтанғанын байқап, белгі береді. Сол кезде әскери бөлім бастығы полковник Көпжан Нұрмаханбетов ережеге сай дереу өрт сөндірушілерді жинап алып, өшіруге кіріседі. Бірақ от бой бермей, жарылғыш заттар тұрған аумаққа қарай ауысады. Ол жарылысқа ұласады.

Тимур Дәндібаев, Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Біздің ойымызша, шамамен 40-50-дей жарылыс болды. Айта кетерлігі, жарылғандардың барлығы тек 200 метрге дейін ұшатындар, яғни әскери база аумағынан аспайды. Арасында тек 20 шақырымға дейін баратын реактивті снарядтар болды. Бірақ, олар детонацияланбаған, яғни іске қосылмаған.

Сондықтан құр темір қаңқасы ұшып барып, қадалғаны болмаса, жарылмаған. Мынау соның көрінісі сияқты. Ұзын темір үй төбесін тесіп өтіп, ішкі қабырғаға қадалған.

- Міне, снаряд тұр. Құдай сақтап қапты ғой.

Жалпы, осы Арыстағы қоймада танкіге қарсы және зенитті ракеталар мен атыс қаруларының оқтары, қол гранаталары сақталады. 2005 жылдан бастап ол жерден 184 тонна жарылғыш зат басқа жаққа әкетілген. Егер соның бәрі қоймада болғанда жағдай тіпті қиындайын деп тұр екен. Негізі 1930 жылы әскери база құрылғанда Арыс кішкентай ғана елдімекен болыпты. Уақыт өте қалаға айналып, аумағы әскери қоймаға 200 метрге дейін жақындап кеткен.

Тимур Дәндібаев,  Қорғаныс министрінің орынбасары:

Біз бұл туралы бірнеше рет ескертіп, ұсыныстарымызды бергенбіз. Бірақ, әлеуметтік жағдайлар мұрша бермеді. Ол үшін елді көшіру керек. Оған үлкен қаражат керек болды.

Ал  жарылыс қаупі туғанда сол маңда тұрып жатқан әскеридің отбастарындағы мыңнан аса адам айналасы 40 минут ішінде қауіпсіз аумаққа шығарылыпты. Бүгін Қорғаныс министрлігі жарылыс болған қойманың мүлдем көзі жойылатынын мәлімдеді.  

Абырой болғанда, өрт сөндірушілер қызыл жалынды №2 және №3-ші техникалық территорияға жібермей, өшіріп үлгерген. Ал ол аумақтарда тағы 90 тоннадай осындай жарылғыш заттар жатыр. Қазіргі уақытта Арыс қаласының аумағын жарылғыш заттардан тазарту үшін әскерилер мен полициядан құралған жалпы саны 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша олар жарылмай қалған 130 снаряд тауып алған.

Источник: ktk.kz