Елімізде соңғы екі жылда 2500 адам із-түcсіз жоғалып кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы бүгін 7 арнадағы "Айдың-күннің аманында адамдар неге жоғалады?" тақырыбы талқыға түскен "Өз ойым" бағдарламасында айтылды.

Бағдарламаға келген Ермахан Шаихов өзінің жиен қарындасын 14 жыл қатарынан іздеп жүргенін айтты. Оның қарындасы Ақторғын Сартаева 2005 жылы сабақтан кейін үйге оралмаған. Кей көріпкелдердің айтуы бойынша, ол әлі тірі және шетелде өмір сүріп жатыр. Десек те оның туыстары әлі күнге дейін хабар алмаған.

"2005 жылы 9 қазанда жиен қарындасым із-түссіз жоғалып кетті. Ол кезде оқушы еді, сабақтан келіп, түстен кейін қосымша сабаққа шыққан. 12 жаста болатын, алтыншы сыныпта оқитын кезі. Аптасына екі рет фортепианода ойнауға баратын. Сол қосымша сабақтан шыққаннан кейін із-түссіз жоғалып кетті. Негізі өзі барып келіп жүрген. Ешуақытта кешікпеген. Төрт сағат өткенде апайына хабарласқан, мұғалімі барлық баланың тарап кеткенін айтқан. Сол жаққа барған, алайда ешкім болмаған. Полицияға хабарлайды, олар іздеу шараларына кіріскен", - дейді Ермахан Шаихов.

Еріктілер тобының мүшесі Дәмелі Кенжеболатқызы өз тәжірибесінде осы кұнге дейін атқарылған жұмыстар арасында қанша адам табылғанын, адам жоғалып кеткен жағдайда не істеу керектігін айтып өтті.

"Іздеу тобынан бөлек, әр түрлі саладағы еріктілер ұйымдары бар. Барлық ұйыммен бірге жұмыс істейміз. 2015 жылдан бері волонтерлікпен айналысып келеміз. Ешқандай қаражат алмаймыз, сұрамаймыз да. 60-жылдардан бері іздестіріліп жатқан адамдар бар. 2017 жылдан бері 2500 адамға іздеу жарияланған. Олардың 125-і балалар, 1138 адам табылған", - дейді ерікті.

Журналист Гоги Дәрібай да қала тұрғындары арасында эксперимент жүргізіп көрді.

Айта кетейік, "Өз ойым" бағдарламасы 2019 жылы 21 қаңтардан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-бейсенбі аралығында көрсетілетін болды. Түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын бұл ток-шоу әлі талай қызықтарға толы.

Источник: tengrinews.kz