Бес күннен бері жарықсыз отырған Жаңашар ауылындағы 120 отбасы миллионнан астам берешек болғанына төрағаны кіналауда. Ай сайын қуат көзіне уақтылы төлем жасадық деген тұрғындар, мұндай қарыздың қайдан шыққанын білмей дал. Бір кооператив қоғамының екі басшысы берілген қаражатты жымқырды дейді жұртшылық. 

Сейітқазы Құлжабайұлы, Жаңашар ауылының тұрғыны:

- Кейінгі кезде өмір сүру қиындап барады. Осы кезде халық екіге жарылып тұр. Оның себебі, төрайым Анна Ивановна дейді.  Біреуі мына Женядан көреді. Ақшаны жеп қойған дейді. 

Ақпан айында «Элит» кооперативі «АлматыЭнергоСбыт» компаниясына 700 мың теңгеге жуық берешек болғанын Жаңашар ауылының әкімі ескерткен екен. Алайда сол күйі жабылмаған қарыз қазір бір миллион 54 мыңға жеткен. Қуат көзі ажыратылғаннан кейін ауыл әкімі мен заңды төраға аталған компанияға барған. Алайда ұзақ уақыттан бері жиналған қарыздары үшін жарықты уақытша қосу да мүмкін болмапты. 

Жан Құраметов, Жаңашар ауылдық округінің әкімі:

- Біз алты ай бойы қарап отырмыз, көмектесіп отырмыз деді.  Бірақ, ешқандай жұмыс жүргізілмегеннен кейін, ренжімеңіздер қоса алмаймыз  толық төлегеннен кейін қосамыз деген.

Жарықтың ай сайынғы төлемін бір ұйымның екі төрағасы жинайды екен. Бахыт Аршит 2017 жылы төраға болып сайланған. Ал оншақты адам жиылып сайлаған төрйым бұл жолы келмек түгіл, телефонын да көтерген жоқ.

Бахыт Аршит, кооператив қоғамының төрағасы:

Бізге қарсы бастама көтерген 5-6 адам келген. Олар біздің басқармаға қарсы шығып, кассамызды тартып алмақ болды. Халыққа өздерін таныстырып, заңсыз қаржы жинайтын адам пайда болды. Екі жаққа бөлініп төлеген тұрғындар жартысы бізге берсе, жартысы екінші басқармаға берген. Осының кесірінен біз жарты жылдың ішінде бір миллионнан астам қарызға кірдік. Мен халыққа бірнеше рет ескерткенмін. Бірақ, тұрғындардың жартысы тыңдамады.

Осылайша, Жаңашар ауылының тұрғындары миллионнан астам қаражатты қайтадан қалталарынан шығармақ. Бес күннен бері қуат көзінен айырылғандар, берекелері қашқандарын айтуда. Екі төрағаның ортасында опық жегендер, енді тек, біреуін ғана таңдаймыз деп отыр.

Источник: ktk.kz