9 қарашада Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жантүршігерлік оқиға болды. Құтқарушылар Мойка өзенінің жағалауынан белгісіз ер адамды алып шыққан. Оның сөмкесінен әйел адамның шауып тасталған қолдары мен травматикалық тапанша шыққан. Артынша күдікті Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы Олег Соколов екені анықталған. Tengrinews.kz тілшісі жантүршігерлік оқиғаның қалай өрбігенін анықтады.

Күдікті мен оқиға құрбаны жайлы не белгілі? 

Кей деректер бойынша, қылмыс 7 қарашада жасалған. Алайда ол жайлы тек 9 қарашада белгілі болған. Жағалау маңынан өтіп бара жатқан адамдар өзен бойынан ер адамды көрген. Тұрғындар бірден құтқарушыларды шақырған. Алайда бұл жолы полицияның көмегіне де жүгінуге тура келген. Себебі ер адамның сөмкесінен әйел адамның қолдары мен травматикалық тапанша табылған. 


Профессор Олег Соколов © РИА Новости

Ауруханаға жедел жеткізілген профессордың үйін тергеушілер тінтіп шыққан. Қызметкерлер күдіктінің пәтерінен әйел адамның бөлшектелген денесі, басы мен қанға боялған араны тапқан. 

Оқиға құрбаны - Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің түлегі, 24 жастағы Анастасия Ещенко. Аспирант қыз заманауи тарихты зерттеген. Ещенко мен Соколов бірнеше ғылыми жұмыс жазған. Оқу орнындағылардың сөзінше, үнемі профессордың жанында жүретін Анастасия Ещенко екеуінің арасында романтикалық қарым-қатынас болған. 

Соколовпен жақсы таныс адамдар ол ғалымдардың арасында беделі жоғары болғанын айтады. Оның ғылыми жұмысының көбі Напалеонның кезіндегі Франция қарулы күштері мен қолбасшы жайлы болған. Тіпті, 2003 жылы оның еңбегін Францияның сол кездегі президенті Жак Ширак жоғары бағалап, профессорды Құрмет легионымен марапаттаған. 


Профессор Олег Соколов © РИА Новости

Напалеонның жанкүйері болған Соколов туристердің көзінше Петропавловск қамалында қолбасшының мундирін киіп, өзіне қол жұмсағысы келген. Бұл жайлы профессор тергеушілерге айтып берген. Неліктен қылмыс жасағанын түсіндіріп хат қалдырып, үйінде өсиет жазбақ болған. БАҚ мәліметінше, Соколов Ещенконы қыздарымен жақсы қарым-қатынаста болмағандықтан өлтірген. 

Бір қызығы 8 қарашада Соколовтың үйіне қонақтар келген. Ол кезде Ещенконың бөлшектелген денесі пәтердегі бөлмелердің бірінде болған. Ал қонақтарда еш күдік тумаған. 

Соколов пен Ещенконы не байланыстырады?

РИА Новости мәліметінше, 24 жастағы Анастасия Ещенко 63 жастағы Олег Соколовпен бакалавриат бітіргеннен кейін кездесе бастаған. Доцент пен студент қыз қарым-қатынастары жайлы ештеңе жасырмаған. Таныстарының сөзінше, Анастасия профессормен әртүрлі шараларға бірге барып жүрген. 


Анастасия Ещенко мен Олег Соколов © litobozrenie.com

Ещенконың ағасы Сергей РЕН ТВ-ге берген сұхбатында қарындасымен соңғы рет 8 қарашада сөйлескенін айтқан. Әңгіме барысында Анастасия Соколовпен ұрсысып қалғанын және оған қол көтергенін айтқан. Ұрыс себебі - студент қыз профессордан танысының туған күніне баруды сұраған. Алайда доцентке сүйіктісінің өтініші ұнай қоймаған. 

Ағасы оның үйден кетіп қалуын сұраған кезде, Анастасия пәтерден заттарын алу керегін жеткізген. Сергейдің сөзінше, ол жатақханада қонбақ болған. 

"Мен биіктен көрген қыз жауыз болып шықты"

РИА Новости хабарлауынша, сот отырысында Олег Соколов оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, неліктен қылмыс жасағанын айтқан. Күдіктінің сөзінше, Ещенко Соколовтың балаларын қабылдай алмаған. 

"Мен бәрінен биік ұстаған қыз жауыз болып шықты. Ондай агрессияны мен бұрын соңды көрмегем", - дейді профессор. 

Сонымен қатар, Соколов марқұмның оған пышақ ала жүгіргенін айтқан. Бүгінде күдікті екі айға уақытша ұстау изоляторына қамалған. Профессор 8 қаңтарға дейін қамауда болады.

Источник: tengrinews.kz